Кейде біз жақын адамның маскүнемге айналғанын байқамай қаламыз. Бірақ маскүнемдік - бұл инфекция емес. Ол "кенеттен" келмейді, ептеп, білдіртпей, адамды билеп алып, оны өз құлына айналдырады. Алайда, алкоголь өмірдің жалғыз мақсатына айналатын межеге жақындауды байқауға болатын белгілер бар.
Біз қайсымыз өзімізді маскүнем деп санаймыз? Егер мен әр демалыс сайын бірнеше саптыаяқ сыра немесе бірнеше бокал шарап ішсем – мен маскүнеммін бе?
Маскүнемдік мойындамаудан басталады. Мәселе мынада: наркологтардың ерекше назарына адамдардың тек бір тобы ғана - спиртті ішімдікті жылына 2-3 рет, өте үлкен мерекелерде және өте аз мөлшерде ішетін адамдар ғана кірмейді. Тек осы топты ғана "ұстамды ішетіндер" деп атауға болады. Тұтынудың жиілігі мен мөлшеріне бөлінетін барлық басқа топтар, ықтимал маскүнемдер болып табылады.
№1-саты – психологиялық
Маскүнемдіктің бірінші белгісі – "психологиялық тәуелділік" деп аталатын мас болу процесінен ләззат алу.
Бірінші қадам - адам айына бір рет ғана ішеді, мысалы, "жалақыдан кейінгі алғашқы демалыс күндері біз достарымызбен барға барамыз".
Екінші қадам - адам өзін жиірек кездесуге көндіруге мүмкіндік береді, ал отырыстар айына бір рет емес, екі рет өтеді. Себептері: "жақсы отырмыз", "жағымды қарым-қатынас", "проблемалар бардың сыртында қалады" және т.с.с.
Үшінші қадам - адам спиртті ішімдік ішілетін іс-шаралардың бастамашысы болады, жиналуды және уақытты "жақсы өткізуді" өзі ұсынады.
Бірте-бірте алкоголь ләззат жағдайына қол жеткізудің құралына айналады және адам эйфорияның құшағына қайта түсу үшін уақыт аралықтарын қысқартуға тырысады.
Бұл сатыда болашақ маскүнем спиртті ішімдікпен бірге кеш өткізу туралы ойдың өзінен жағымды толқиды. Алкоголь қазірдің өзінде "жанның әміршісіне" айналып, өзінің жаңа жақтаушысын келесі сатыға ауыстыруға дайын.
№2-саты – физиологиялық
Бұл сатыда алкогольдің міндеті - ағзаның қорғаныс функцияларын толығымен ауыздықтау, ол бұл міндетті табысты орындай алады. Бәрі дозаны ұлғайтудан басталады.
Алкогольді тұтыну қандай жағымды сезімдермен (достармен көңілді кеш, шығармашылық қабілеттердің өсуі, тамаша секс) байланысты екендігі маңызды емес, бұл сезімдер масаюдың белгілі бір кезеңінде пайда болғаны маңызды. Осы кезеңге жету үшін барған сайын көбірек алкоголь қажет болады - ағзада спиртті ішімдікке төзімділік дами бастайды.
Осы сатыдағы меже - бұл құсу рефлексінің жоғалуы. Бұл қорғаныс функциясы - интоксикацияны сезінетін ағза барлық дерлік жүйелер мен мүшелердің жұмысына араласатын спирт уынан арылады. Құсу рефлексі жойылғаннан кейін немесе оның пайда болуы үшін барған сайын көп алкоголь қажет болса, алкоголь ағзаны өзінің "пайдалы" екендігіне "сендірді" деген сөз.
Осы сатыда есін жоғалтулар пайда бола бастайды. Бұл да өте алаңдатарлық ескерту.
Алкогольге физикалық үйренумен қатар психологиялық тәуелділік те дами түседі. Өзін "ретке" келтіру үшін міндетті түрде бас жазу қажеттілігі туындайды. Барған сайын алкоголь жиірек және көбірек қажет болады, негізінен, себептер де енді қажет емес – "шөлмек болса болды, себеп табылады".
Адамның шекте тұруының тағы бір белгісі - онымен болатын өзгерістер. Ол ашуланшақ және агрессивті бола бастайды. Ол қарым-қатынас және отбасы проблемаларына алаңдамайды. Қызығушылықтар шеңбері өзгереді (олардың барлығы алкогольмен байланысты), достар өзгере бастайды және т. б. Бұл бір нәрсені білдіреді - ол төменге құлдырататын баспалдақтың соңғы сатысынан өтуге дайын.
№3-саты – созылмалы
Есте сақтау және ақыл-ой қабілеті айтарлықтай нашарлайды. Адам ауыр, эпизодтық сипаттағы психикалық бұзылулардан зардап шегеді, мысалы: маскүнем елесі, галлюцинациялар, алкогольдік эпилепсия, паранойя. Сырт әлпеті өзгереді. Маскүнемдікпен қатар жүретін аурулар қарқынды дамиды. Алкогольді тұтыну процесі үздіксіз болады.
Ауыр, айқын мастық салдары тіпті ішілген алкогольдің ең елеусіз порциясынан кейін де пайда болады.
Кез келген алкогольдік сусынның тіпті бір тамшысына қол жеткізу үшін науқас кез келген сендіру әдісін қолдана отырып, өзіне «шебер» болып көрініп, өтірік айтады. Бұндай сәттерде маскүнем өзінің өтініштері "айдан анық» екенін білмейді, оған тек аяққы нәтиже ғана маңызды.
Алкогольге төзімділік айтарлықтай төмендейді: барынша уланған ағза тіпті бір рөмкеден-ақ қарсыласпай беріледі.
Бұндай адамның денсаулығы мен психикасын қалпына келтіру мүмкін емес деуге болады. Олар ұзақ та өмір сүрмейді - жазатайым оқиға, мас күйінде төбелес немесе қандай да бір мүшенің тоқтауы салдарынан қаза табады.
Не істеу керек?
Біз алкогольден толығымен бас тартуға шақырмаймыз - бұл орынсыз. Бірде-бір әлеуетті маскүнем межеден өткенін тіпті өзіне де мойындамайды. Бірінші және екінші сатылардың белгілерін тағы бір рет оқуға шақырамыз. Егер ол белгілер сізде бар болса, айналаңызға көз салыңыз – балаларыңызға, сүйіктілеріңізге қараңыз... Өмірдің басымдықтарын қайта қараудың мағынасы бар шығар?
Егер мұндай белгілер сіздің жақындарыңызда байқалса, дереу шайқасқа шығыңыз. Бірінші және екінші сатылар жылдарға созылуы мүмкін, ал басталып келе жатқан маскүнемдікті емдеуге болады - тәсілдер көп. Бірақ қиын күреске дайындалыңыз - азғырушы әзәзіл өз құрбанын құшағынан оңай босатпайды. Ең бастысы - қолды түсірмеу.